Қазақстан жаңалықтары

Жеткіншектердің медреседе зорланғаны туралы мәлімдеме: ІІМ тергеу бастады

Исматулла Мақсұмға қатысты жеткіншектерге жыныстық сипаттағы қысым көрсетілгені туралы мәлімдемелерден кейін сотқа дейінгі тергеу басталды. Ішкі істер министрлігі жарияланымдарда келтірілген деректер бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исматулла Мақсұм мен оның қолдаушыларының ұйымға қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды aishyq.kz. 

ІІМ мәліметінше, қазір істің барлық мән-жайы тексеріліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері әзірге жарияланбайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Исматулла Мақсұмға қатысты жағдайға байланысты түсініктеме берді.

Басқарманың хабарлауынша, соңғы күндері әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында Исматулла Мақсұм және оның қолдаушылары туралы бірқатар сұхбат пен жазба жарияланып, қоғамда кеңінен талқыланып жатыр.

ҚМДБ Исматулла Мақсұм мен оның қолдаушыларының басқармаға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олардың әрекеттері мен діни ұстанымдары ұйымның ұстанымына сәйкес келмейтінін атап өтті. Басқарма бұған дейін де осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған.

Діни басқарма мәлімдемесінде адамға зорлық-зомбылық көрсету, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу және мәжбүрлеу ислам дінінде ауыр күнә саналатыны айтылған.

Сонымен қатар ҚМДБ Қожа Ахмет Ясауидің есімі мен рухани мұрасын жеке тұлғалардың немесе топтардың өз мүддесіне пайдалануға болмайтынын жеткізді. Басқарма қоғамды дін атын жамылып, адамдарды өзіне тәуелді етуге және соқыр сенімге шақыратын ортадан сақ болуға үндеді.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жарияланымдарда айтылған деректерді тексеріп жатыр. Тергеу нәтижелері туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button