Күйеуінен қорлық көріп, полициядан көмек сұраған әйел бірнеше сағаттан кейін өлі табылды
Қарағанды қаласында 28 жастағы Динара Мыңбаева былтыр 3 шілдеде көз жұмған. Қайтыс боларынан бірнеше сағат бұрын ол полицияға хабарласып, күйеуінің ұрып-соққанын айтып, көмек сұраған. Алайда әйелдің күйеуі ұсталғанымен, үш сағаттан кейін босатылған. Таңертең Динаның қайтыс болғаны белгілі болған, деп жазады aishyq.kz.
Полицияға түскен қоңырауда әйел өзін Динара Мыңбаева деп таныстырып, күйеуінің қол көтергенін айтқан. Құқық қорғау органдары оның өтінішінен кейін оқиға орнына қызметкерлер жіберген.
Марқұмның туыстарының сөзінше, сол күні Динара анасына да хабарласып, күйеуінен таяқ жегенін және ажырасқысы келетінін жеткізген. Анасы келесі күні барып, қызын алып кетуге уәде берген.
Тергеу материалдарына сәйкес, Динараның денесін алғаш болып қайнысы көрген. Ол әйелді жерге түсіріп жатқызып, кейін полиция мен ағасына хабарласқан. Сондай-ақ құжаттарда марқұмның сол жақ бетінде, құлағы мен шекесі тұсында сарғайған және көгерген іздер болғаны жазылған.
Алайда марқұмның жақындары оның өзіне қол жұмсағанына күмән келтіреді. Олар істің біржақты тергелгенін айтып, оқиғаның барлық мән-жайын толық анықтауды талап етіп отыр.
Азаттық тілшілері марқұмның күйеуімен байланысуға тырысқан. Бірақ журналистер екенін естіген соң ол телефон тұтқасын қоя салған. Кейінгі қоңыраулар мен хабарламаларға да жауап бермеген.
Аталған іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергелген. Алайда биыл сәуірде іс тоқтатылған. Прокурор қаулысында бұған Динара Мыңбаеваның өзіне қол жұмсағаны негіз болғаны көрсетілген.
Марқұмның туыстары шағым түсіргеннен кейін іс тамыз айында қайта қозғалған. Қазір осы бап бойынша тергеу қайта жүргізіліп жатыр.
Динараның артында үш және бір жастағы екі баласы қалды. Қазір балалар әкесінің қолында.



