Шерзат Болаттың қазасына арнап өлең шығарған ақын қамауға алынды

Жамбыл облысында марқұм Шерзат Болаттың өліміне арнаған өлеңімен жұртқа танылған ақын Ербол Бықыбаевтың тұтқындалғаны белгілі болды. Бұл туралы заңгер Дәулетхан Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді,деп жазады aishyq.kz.
«Қылмыстық Кодекстің 256-бабы екінші бөлігімен терроризмді насихаттау күдігі бойынша ұстап отыр. Бұл бап бойынша жаза өте ауыр. Жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бас бостандығынан шектеу жазасы қарастырылмаған», – деді ол парақшасында.
Заңгердің сөзінше, Ербол Бықыбаев тікелей эфирлердің бірінде діни араздықты қоздыру мүмкін деген сипаттағы сөздер айтқан. Бірақ қамауға алынуына дәл сол видеосы себеп деген нақты ақпарат жоқ.
Айта кетсек, Ербол Бықыбаев Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесінің алдында «Қарабет» атты туындысы арқылы көпшілікке танылған еді. Ол бұл әнінде жасөспірімнің өліміне қатысы бар айыпталушыларды қатаң сынға алған болатын.



