Спорт

Сайын Шапағатов ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында Сақып Бүркітбайұлы Керелбаев атындағы спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды aishyq.kz.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, спорт кешенінің ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында Тілек Жеткізгенұлы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың атынан ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, бұқаралық спортты дамыту және жастарға қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Жаңа спорт кешені 140 балаға арналған. Нысанда бокс, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, футбол, волейбол, қол күресі, гір тасын көтеру және басқа да спорт секциялары жұмыс істейді. Сонымен қатар 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобаны «Дарабоз» ЖШС жүзеге асырды.

Қазіргі таңда Түпқараған ауданында 5 мемлекеттік және 3 жекеменшік спорт кешені тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.

Айта кетейік, спорт кешеніне Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Денсаулық сақтау саласының үздігі Сақып Бүркітбайұлы Керелбаевтың есімі берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button