ҚазҰУ мен «Қазгидромет» мамандарды бірлесіп даярлауға келісті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазгидромет өзара ынтымақтастық туралы меморандумға және студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыру жөніндегі келісімге қол қойды.
Құжаттар Астана қаласында өткен экологиялық саммит аясында рәсімделді. Оларға университет проректоры Марғұлан Ибраимов мен кәсіпорынның бас директоры Данара Әлімбаева қол қойды.
Келісім аясында «Гидрология» және «Метеорология» мамандықтарының студенттері «Қазгидромет» базасында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады.
Тараптар студенттер мен мамандардың ғылыми әлеуетін арттыру, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және инновациялық гранттарға қатысу бағытында күш біріктіруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізу және зерттеу нәтижелерімен алмасу жұмыстары жүргізіледі.
Ерекше назар студенттердің тәжірибелік дайындығына аударылады. Бұл олардың теориялық білімін бекітіп, гидрология мен метеорология салаларында кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.