Қазақты тілдеп, Путиннен әскер сұраған әйел Павлодарда ұсталды

Павлодарда әлеуметтік желіде Қазақстанға Ресей әскерін кіргізуді сұрап, қазақ халқын қорлаған видео жариялаған әйел ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баяндады, деп хабарлайды aishyq.kz.
Ведомство мәліметінше, прокуратура қызметуерлері 28 қазанда видео авторын ұстады. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
ҰҚК хабарлауынша, күдікті бұған дейін есірткі өткізгені үшін сотталған. Тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайлары жарияланбады.
Әлеуметтік желіде не жариялады?
Желіде тараған видеода өзін Ольга Борисовна Мухаметжанова деп таныстырған әйел Екібастұз қаласында дүниеге келгенін айтады. Ол Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған.
«Владимир Владимирович, Қазақстанға да әскер кіргізе аласыз ба? Әр қазақ өзінің қожайыны кім екенін, орыс адамын танып, білсін», – деген ол бейнежазбада.
Сондай-ақ әйел Қазақстанның бірқатар қаласын Ресейге қайтару керек деген пікір білдірген. Ол қазақ халқының елдегі саяси мәселелер бойынша дауыс беруге құқығы жоқ екенін айтып, бейнежазба соңында қазақтарды балағаттаған.



