Маңғыстаулық депутат: «Қоғам Құрылтай депутаттарынан сөз емес, кәсіби жұмыс пен нақты нәтиже күтеді»

Маңғыстау облысынан Құрылтайдың алғашқы шақырылымына сайланған депутат Марат Себасов алдағы жұмыстары туралы жазба жариялады, деп хабарлайды aishyq.kz.
Facebook-тегі ресми парақшасында Құрылтайдың алғашқы сессиясының қорытындысы туралы айтқан ол жаңа саяси жүйеде депутаттарға жүктелетін жауапкершілік жоғары екенін атап өтіп, ғылым мен технологияны дамыту, заңнаманы жаңарту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды бағыттардың бірі болатынын алға тартты.
«Бүгін – ел тарихындағы маңызды күндердің бірі. Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтті. Конституциялық реформалар нәтижесінде қалыптасқан жаңа саяси жүйенің маңызды институты ретінде Құрылтайға жүктелген міндет ауқымды. Ал алғашқы шақырылым депутаттарының жауапкершілігі одан да жоғары. Сессия барысында Мемлекет басшысы депутаттар жұмысының негізінде ең алдымен сайлаушылардың ұсыныстары мен ел мүддесі тұруы керектігін атап өтті. Қоғам депутаттардан сөз емес, кәсіби жұмыс пен нақты нәтиже күтеді», — деді Марат Себасов.
Депутат қазіргі құбылмалы әлемде ғылым мен технологияның маңызы артып келе жатқанын айтып, ғылыми егемендіктің стратегиялық мәніне тоқталды. Оның сөзінше, ғылымды, жасанды интеллектіні, цифрландыруды және инженерлік бағыттарды дамытуға қажетті құқықтық ортаны қалыптастыру Құрылтай жұмысының маңызды бағыттарының бірі болуы тиіс.
«Алда нақты заңнамалық міндеттер тұр. Қолданыстағы заңдарды жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендіру, заң жобаларының кәсіби сараптамасын күшейту, e-Parliament пен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – заң шығару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру, әлеуметтік желілерді пайдалануды реттеу, білім беру, кітапхана, баспа және архив ісіне қатысты заңнаманы жаңарту да маңызды міндеттердің қатарында. Құрылтай депутаттарының алдында – халықтың сенімін ақтау, ел мүддесін қорғау және нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс атқару міндеті тұр. Алғашқы шақырылымның әрбір шешімі мен қабылдаған заңы елдің болашағына қызмет етеді деп сенеміз», — деді ол.



