Маңғыстауда екі ауданда жаңа тағайындау болды

Маңғыстауда Түпқараған ауданының әкімі лауазымына Ербол Дербісов, Маңғыстау ауданы әкімі болып Ерғали Скендиров тағайындалды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Ербол Дербісов 1986 жылы туған, білімі жоғары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Заңгер» бакалавры мамандығын, осы оқу орнының «Құқықтану» магистрі мамандығын аяқтаған.
Әр жылдары «Каспий-Ак» ЖШС-да заңгер, заң бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, «ДКБ-Строй», «Каспий-Ак» ЖШС директоры болған.
2021 жылы Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі, кейін Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары боп қызмет атқарды.

Ал Маңғыстау ауданының әкімі боп тағайындалған Ерғали Скендиров 1983 жылы Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, «Тұран-Астана» университетінің «Құқықтану» бакалавры мамандығын бітірді.
Әр жылдары «Резерв» МРК бөлім бастығы, заңгер-іс жүргізуші, «Нұр Отан» халық демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалында заңгер-кеңесші, инспектор, Өмірзақ ауылы әкімі аппаратының инспекторы, әкімнің орынбасары лауазымдарын атқарды.
Кейін Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шарушалығы бөлімінің басшысы, «БозашыТрансҚұрылыс» ЖШС-да әлеуметтік мәселелер бойынша маман қызметін атқарды.
Бұдан бөлек, Ақтау қалалық сайлау комиссиясының төрағасы, Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы болды. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарды.



