«Kyzdar.net»-ке қатысы бар»: Жеңгетайлық жасаған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Еліміздің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің көмегімен аталған елден Өзбекстан Республикасының азаматшасын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және жеңгетайлық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады, деп хабарлайды aishyq.kz.
Тергеу кезінде аталған әйеддің ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсететін тұлғалардан «Kyzdar.net» интернет-ресурсында орналастырылған сауалнамаларының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, олардың сексуалдық қызметтерін ілгерілету және жарнамалау мақсатында жүзеге асырғаны анықталып отыр.
Сонымен қатар, топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал оның жекелеген мүшелері, оның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
2026 жылдың шілде айында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жақтан Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға беріліп отыр.
“Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген”, — деп жазылған еліміздің Бас прокуратурасы таратқан хабарламада.



