Абу-Дабиде Қазақстан мен БАӘ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ресми сапар аясында Біріккен Араб Әмірліктері министрі, Masdar және ADNOC басшысы Сұлтан Ахмед Әл Жабермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы әріптестікті талқылады.
Ермек Көшербаев екі ел арасындағы экономикалық байланыстар тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстан экономикасына шамамен 1,64 млрд доллар инвестиция құйып, ірі инвесторлар қатарына кірді. Сонымен қатар өзара сауда көлемі де артқан.
Кездесуде Жамбыл облысы аумағында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жобаны Masdar компаниясы жүзеге асыруда және ол Орталық Азиядағы ең ірі жаңартылатын энергия жобаларының бірі саналады.
Сонымен қатар жобаны кеңейту, оның ішінде қуаттылықты арттыру және энергияны сақтау технологияларын енгізу мәселелері қаралды.
Министр «жасыл» сутегі, өндірісті локализациялау және қосылған құн тізбектерін дамыту сияқты жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екенін растады.

