12 жылға сотталған экс-әкім мерзімінен бұрын бостандыққа шығатын болды

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкрекбаев ауыр науқасына байланысты жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылуы мүмкін. 17 қарашада Алатау қаласының соты оны денсаулық жағдайына байланысты колониядан босату туралы шешім қабылдаған, деп жазады aishyq.kz.
Алматы облысының прокуратурасы бұл ақпаратты растады. Сотқа тиісті өтінішті №57 мекеме әкімшілігі жолдаған. Алайда Көкрекбаевтың нақты қандай ауруға шалдыққаны әзірге жарияланған жоқ.
Сонымен қатар сот қаулысы әлі заңды күшіне енбеген. Прокуратура сот шешімін жою туралы өтінішхат енгізіп, оған наразылық білдірген.
Еске салайық, Кәрім Көкрекбаев 2022 жылы «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған кезде ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған. Тергеу мәліметінше, іс бойынша мемлекетке 1,9 миллиард теңгеге жуық залал келген.
2025 жылдың 3 шілдесінде сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырған. Енді оның мерзімінен бұрын босатылуы прокуратураның шағымын қарау нәтижесіне байланысты болмақ.



