Жоғалған алтыншы сынып оқушысы пештің ішінен табылды

Петропавл қаласында жоғалып кеткен 13 жастағы бала бір үйдің жанындағы сәндік пештің ішінен табылды. Ол пешке кіріп, жылынған күйі ұйықтап қалған. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді, деп жазады aiahyq.kz.
Оқиға 10 қарашада болған. Шамамен сағат 17:30-да полицияға Жұмысшы кентінің тұрғыны хабарласып, таңертең үйден шығып кеткен 13 жастағы ұлының оралмағанын айтқан. Баланың өзімен бірге ұялы телефоны болмаған.
Камералар арқылы баланың жүрген бағыты анықталып, оның Зайцев көшесіне дейін барғанын белгілі болды. Шамамен сағат 18:30-да жасөспірім бір үйдің жанындағы сәндік пештің ішінен табылды.
Баланың айтуынша, ол пешке кіріп, жылынған күйі ұйықтап қалған. Полицейлер жасөспірімді аман-есен үйіне жеткізді. Ата-анасы тәртіп сақшыларына алғысын білдірген.



