Жаңаөзен қаласында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері психотроптық заттардың заңсыз айналымына күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды aishyq.kz сайты.
Polisia.kz-тің мәліметінше, 13 қыркүйекте Теңге ауылындағы азық-түлік дүкендерінің бірінің маңында 29 жастағы ер адам ұсталды.
Жеке тінту кезінде күдіктіден ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 9 пакет, ақша және телефон тәркіленді. Кейін күдікті полиция қызметкерлеріне психотроптық заттар жасырылған орындарды өз еркімен көрсетті. Жасырын орындардан тағы 9 пакет тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың құрамынан 4-метилметкатинон (мефедрон) анықталды. Зерттеу нәтижесінде заттың жалпы салмағы 1,65 граммды құраған.
Алдын ала мәлімет бойынша күдікті психотроптық заттарды әрі қарай өткізу мақсатында Ақтау қаласынан Жаңаөзен қаласына тасымалдаған. Факті бойынша Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді



