Маңғыстау жаңалықтары

Жаңаөзенде емханаға бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша үш адам қамауға алынды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды aishyq.kz.

Өткен жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға өтініш жасаған. Жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлініп, оны «Өзенмұнайгаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған.

     «Бастапқыда жоба аясында медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жобаның шарттары өзгертіліп, бөлімшені кешенді түрде жабдықтаудың орнына қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында жалпы құны 210 млн теңге тұратын, күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі екі арнайы кереует сатып алу жөнінде үшжақты шарт жасалған», — деп жазылған Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Бұл ретте сатып алу заң талаптарын айналып өтіп жүргізілген. Өйткені мұндай бағадағы медициналық техниканы заңнамаға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет.

 «Тергеу дерегінше, заңсыз іске қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші қатысы бар. Жабдық сатып алуға небәрі 92 млн теңге жұмсалған. Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген. «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен түскен қаражатқа елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген», — деді агенттіктің баспасөз қызметіндегілер.

Осы орайда Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталып, үш күдікті қамауға алынған.

Сондай-ақ, соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде 2 пәтерге, 2 тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынып, тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button