«Тісін сындырып, шашын алып тастаған»: Ақтауда әйелін аяусыз ұрған адам шетелдік болып шықты

Ақтауда бірге тұрған әйелді ұрып соққан азаматқа қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ер адам бірге тұратын әйелді ұрып-соғып, 4 тісін сындырып, шашын тақырлап қиған, деп хабарлайды aishyq.kz.
Аталған жантүршігерлік оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Жәбірленушінің анасы Lada.kz порталына берген сұхбатында қызы бірнеше жылдан бері бірге тұратын ер адамның жүйелі түрде зорлық-зомбылығына ұшырап келгенін мәлімдеді. Олардың 8 жастағы қызы және 5 жастағы ұлы бар көрінеді.
Әйелдің айтуынша, кезекті ұрып-соғуда ер адам оған ауыр жарақат салған. Ол әйелдің бетін шынтағымен ұрып, тістерін сындырған, ернін жыртып, ми шайқалуына әкелген жарақат салған. Бұдан бөлек, әйелдің ұзын шашын түбінен қиып тастапты.
Ал туыстарының сөзінше, әйелдің жеке басын куәландыратын құжаттары шамамен 7 жылдан бері жоқ. Олардың болжамынша, құжаттарды бірге тұратын ер адам алып, жасырып қойған. Осылайша, оның еркін жүріп-тұруына және көмек сұрауына кедергі келтірген болуы мүмкін.
Аталған жағдайдан кейін Маңғыстау облысының Полиция департаменті оқиғаны растап, тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді.
«Оқиғаға қатысушылардың Өзбекстан азаматтары екені анықталды. Тексеру барысында олардың Қазақстан аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүргені және елде болу заңдылығын растайтын құжаттары жоқ екені белгілі болды», — деді ПД тарапы.
Полицияның дерегінше, қазір жәбірленуші үйінде. Алайда оған қатысты көші-қон заңнамасы аясында тексеру жүргізіліп жатыр. Денсаулыққа зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып, құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтайтын болады.
Ақтауда әлеуметтік сала мамандарына құрмет көрсетілді



