Қытаймен бизнес жасаған маңғыстаулық блогер ұсталды

Маңғыстау облысында Instagram арқылы тауар сатуға уәде беріп, азаматтардың ақшасын иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Блогер күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті Instagram әлеуметтік желісінде Қытайдан жеткізілетін түрлі тауарларды, оның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынған.
Жарнаманы тарату үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар блогердің парақшасы пайдаланылған. Жарияланымдарда тауарлардың қолжетімді екені, сапасы және Қазақстанға жеткізілетіні туралы ақпарат көрсетілген.
Ұсынысқа қызыққан азаматтар жарнамада көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тапсырыс ақысын жеке кәсіпкердің есепшотына аударған. Алайда сатып алушыларға тауарлар жеткізілмеген. Тергеу нұсқасы бойынша, түскен қаражат жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Қазіргі уақытта тауар сатып алу мақсатында ақша аударып, зардап шеккен азаматтар анықталған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, ықтимал өзге де жәбірленушілер іздестіріліп жатыр.
Полиция өкілдері азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау кезінде сақтық танытуға, сатушының сенімділігін алдын ала тексеруге және күмәнді есепшоттарға ақша аудармауға шақырады.



