Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін қандай өзгерістер енгізілді?
Еліміздің ІІМ көліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру талаптарына өзгеріс енгізді, деп хабарлайды aishyq.kz.
Бұл туралы министрліктің polisia.kz ақпараттық порталында жарияланды. Онда емтиханнан өте алмаған жағдайда бір ай уақыт бойы күтпестен араға он күн салып қайтадан сынақ тапсыруға болатыны айтылды.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың сөзінше, министрлік емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірлеген.
«Ішкі істер министрлігі көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірледі. Мақсатымыз — мемлекеттік қызметтерді алуды жеңіл әрі жылдам ету. Артық рәсімдер алынып тасталды. Көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек қаратудың қажеті жоқ. Енгізілген өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжат болса жеткілікті. Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр», — деп Ақтоты Боранова.
Бұдан бөлек, теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмаған жағдайда алғашқы нәтиже сақталатыны мәлім болды.
«Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады. Бұл — жалған құжаттардан қорғау шаралары. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! — деді Ақтоты Боранова.



