Қазақстан мен ОЭС стратегиялық әріптестікті күшейтуде: тауар айналымы $15 млрд-тан асты

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік дәліздерін дамыту және экономиканы цифрландыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында ОЭС-ке мүше елдер Қазақстанның маңызды сауда серіктестері екені атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы $15 млрд-тан асып, 11,5%-ға өсті. Қазақстан экспортының негізгі бөлігін мұнай, мыс, бидай, күнбағыс майы, ұн және мұнай өнімдері құрайды.
Серік Жұманғарин соңғы жылдары ОЭС елдерімен ынтымақтастық тұрақты оң динамика көрсетіп отырғанын және кеңейту әлеуеті жоғары екенін айтты. Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп бойынша шамамен $1 млрд көлеміндегі экспорттық әлеуеті бар 137 тауар позициясы бар.
Тараптар электронды сауданы дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Ол жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырылады. Елдердің күш біріктіруі тұрақты әрі тиімді сауда кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 2026 жылы Қазақстан ОЭС-тің көлік секторына төрағалық етеді. Басым бағыт ретінде «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту, оның ішінде Ауғанстан мен Пәкістан бағыты белгіленді.
Биыл Қазақстан мен Пәкістан арасында Қытай арқылы (Қарақорым тасжолы бойымен) алғашқы жүк тасымалдары басталатыны айтылды.
Мұндай бағыттарды дамыту теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Орталық Азия елдері үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл халықаралық теңіз порттарына, соның ішінде Каспий теңізі арқылы шығуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Асад Маджид Хан Қазақстанды экологиялық саммитті сәтті өткізуімен құттықтап, елдің өңірлік хаб ретіндегі рөлін атап өтті.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен ОЭС арасындағы ықпалдастық мәселелері, оның ішінде Пәкістанмен еркін сауда аймағын құру перспективалары қарастырылды.
Серік Жұманғарин Қазақстан ірі экономикалық бірлестіктер арасында байланыстырушы буын болуға дайын екенін атап өтті.