«Палау орталығындағы» жарылысқа кінәлілерге сот үкімі шықты

Ақмола облысының Бурабай аудандық соты Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» кафесінде болған жарылыс пен өртке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған болатын, деп хабарлайды aishyq.kz.
Сот алдында кафе иесі, газ баллондарын жеткізуші және автогаз құю станциясының директоры жауап берді.
Сот барысында анықталғандай аталған кафеде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Атап айтқанда, газ баллондары жылу радиаторларының жанында сақталған көрінеді. Сонымен қатар қызметкерлер газ жабдықтарын пайдалану бойынша қажетті нұсқамадан өтпеген.
Іс материалдарына сәйкес, жеткізуші қажетті рұқсаты болмағанына қарамастан, 2026 жылғы 25 ақпанда кафеға екі газ баллонын әкелген. Солардың бірі кейін жарылған. Баллонға газ белгіленген мөлшерден артық құйылғаны анықталған.
Сот нұсқасы бойынша, жылу радиаторының жанында тұрған шамадан тыс толтырылған газ баллоны қызған. Соның салдарынан ішкі қысым көтеріліп, баллон қабырғасы жарылып, өрт шыққан.
Сот үш айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Кафе иесі мен автогаз құю станциясының директорына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, газ баллондарын жеткізуші 6 жылға сотталды.
Бұдан бөлек, сот 16 жәбірленушінің моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырылған. Еске салайық, Щучинскідегі «Палау орталығы» кафесінде жарылыс биылғы 26 ақпан күні кешке болған еді. Оқиға салдарынан кейіннен қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.



