Денсаулық

Нұрдәулет Қилыбай Ақтауда салынып жатқан «Нұр» шипажайының құрылысымен танысты

Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында салынып жатқан «Нұр» санаторийлік-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.

Жобаны іске асырып жатқан мамандар өңір басшысына құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі мен қолданылып жатқан техникалық шешімдер туралы мәлімет берді. Кешен өңірдегі емдік-сауықтыру және оңалту қызметтерін дамытуға бағытталған.

Нысан «Жылы жағажай» демалыс аймағында, Каспий теңізі жағалауынан 50 метр қашықтықта орналасқан. Жер телімінің жалпы аумағы — 5,4 гектар. Қазіргі таңда іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылған, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 2026 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.

Жобаға сәйкес, шипажай 240 нөмірге (320 орын) есептелген. Мұнда оңалту бөлімдері, физиотерапия, массаж, балшықпен емдеу және ингаляция кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар жабық бассейн, сауна, хамам, екі асхана және 120 орындық конференц-зал салынады. Кешен іске қосылғаннан кейін шамамен 100 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Кешен аумағындағы геотермалдық су емдік мақсатта пайдаланылады. Ол тірек-қимыл аппараты, жүрек-қан тамырлары жүйесі, қант диабеті және асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуге бағытталады.

Нұрдәулет Қилыбай мұндай жобалардың жүзеге асуы өңірде медициналық туризмді дамытуға және халық денсаулығын жақсартуға оң әсер ететінін атап өтті.

Back to top button