Мұнайлыда 48 жастағы ер адам көлігімен 2 келіден астам марихуана тасымалдаған
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында полицейлер есірткі тасымалдады деген күдікпен 48 жастағы жүргізушіні ұстады. Оның көлігінен 2 келіден астам марихуана тәркіленген, деп хабарлайды aishyq.kz.

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында полицейлер есірткі тасымалдады деген күдікпен 48 жастағы жүргізушіні ұстады. Оның көлігінен 2 келіден астам марихуана тәркіленген, деп хабарлайды aishyq.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Атамекен ауылында болған. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Opel Vectra автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізген.
Көлікті тінту кезінде ақ түсті қораптың ішінен екі пакетке салынған есірткі заты табылды. Сараптамаға алынған заттың жалпы салмағы 2 келі 355 грамм марихуана екені анықталған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұдан бөлек, жүргізуші мен оның жолаушысының ағзасынан каннабиноидтар метаболиттері анықталған. Осыған байланысты оларға есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтыну дерегі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабының 1-бөлігімен хаттама толтырылған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.




