«Мен ешкімге араша түспеймін»: Денсаулық сақтау министрі Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған оқиғаға пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы дәрігерге шабуыл жасаған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп жазады aishyq.kz.
Оның айтуынша, бала аппендицит диагнозымен ауруханаға түсті, тиісті ота жасалғанымен, ата-анасы бірнеше рет ем қабылдауды тоқтатып, баланы медициналық мекемеден алып кеткен.
«Ота жасалғаннан кейін екі күннен соң ата-анасы емді жалғастырудан бас тартып, баланы алып кеткен. Кейін қайта түсті. Бір тәулікке жетпей екінші рет алып кетті. Үшінші рет келгенде баланың жағдайы ауырлап, дене қызуы көтеріліп, ауырсынған», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр ата-ананың баланың денсаулығына қатысты жауапкершілігі де назардан тыс қалмауы керектігін атап өтті. Сонымен қатар дәрігердің кәсіби міндетіне салғырт қарағаны дәлелденсе, оның да заң алдында жауап беретінін жеткізді.
«Бұл жерде ең бастысы – баланың жағдайы. Қылмыстық іс қозғалды. Екі тараптың да жауапкершілігі толыққанды қаралады. Егер дәрігердің немқұрайлы қарағаны дәлелденсе, оған да заң аясында тиісті шаралар қолданылады», – деді министр.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты мән-жайлар анықталып жатыр.



