Маңғыстаулық журналист Олимпиада чемпионына ерекше сыйлық жасады

Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Маңғыстаудан арнайы барған спорт журналисі Айбек Мұқанов көпшілік назарын өзіне аударды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Ол әйелдер күресінен Токио Олимпиадасының чемпионы Юи Сусакимен жарыс аясында жүздесіп, түрлі отандық тәттілер және анасы тіккен кеудешені сыйлаған. Бұл сәтте жапониялық спортшы ерекше толқып, жерлесімізге шынайы түрде алғысын білдірді.
Аталған бейнежазба әлеуметтік желідегі спорт парақшасында жария болды. Онда спортшыға журналистің арнайы түрде сыйлық жасағаны жазылған.
Юи Сусаки Токио Олимпиадасында 50 келіге дейінгі салмақта чемпион атанса, Париждегі ойындары қола медальға ие болды. Сонымен бірге, ол осыған дейін әлем біріншіліктерінде 4 рет, ал құрлық чемпионатында үш мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді.



