ЖаңалықтарМаңғыстау жаңалықтары

Маңғыстаулық бір топ тұрғын алаяқтарға алданып, 70 млн теңгеге жуық шығынға батты

Маңғыстау облысының бір топ тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, қарызға белшеден батқаны белгілі болды. Бейтаныс адамға сенген олар кәсібін дамыту үшін «Даму» қорынан несие алмақ болған. Алайда кейін алаяқтардың құрбаны болғандарын бір-ақ білген. Күдікті әйел ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлерді ғана емес, олардың көршілерін де несие алуға көндірген көрінеді.

Жеміс-жидек сатумен айналысатын Данагүл Яхшимурадова жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жәрмеңкеден сауда орнын алмақ болған. Сол кезде танысы оны Мария есімді әйелмен таныстырған. Ол өзін мемлекеттік органның өкілі ретінде таныстырып, шағын кәсіпкерлерге жәрмеңкеден сауда орындарын алуға көмектескен. Осылайша сенімге кірген әйел кейін «Даму» қорынан несие алып беруге уәде еткен. Тіпті, көп ұзамай 100 млн теңгеге жуық қаржы алуға мүмкіндік бар екенін айтып, кәсіпкерді сендірген. Алайда түрлі сылтау айтып, Данагүл Яхшимурадовадан бірнеше рет қолма-қол ақша алған.

«Есепшот ашу үшін 600 мың теңге төледім. Мөр жасатуға деп 300 мың теңге бердім. Жеке кәсіпкерлік пен ЖШС ашуға қатысты түрлі төлемдер жасадық. Соның бәрін жинақтап келгенде, жеті айдың ішінде 30 миллион теңгемізден айырылдық. Сонымен бірге інімнің, ағамның, жеңгемнің және өзімнің атыма несие алдық», – дейді алданған Данагүл Яхшимурадова.

Ал оның жұбайы Бердімұрат Яхшимурадов әйелінің әрекеттерінен көп жағдайда хабарсыз болғанын, алайда оған сеніп, ақыры сан соғып қалғанын айтады.

Данагүлдің ағасы көршілеріне елордадан танысқан әйелінің «Даму» қорынан несие алуға көмектесіп жүргенін айтқан. Осыдан кейін көршілері де күмәнданбастан, әлгі әйелдің «көмегіне» жүгінген.
Алайда кәсібін кеңейтіп, ісін өрге бастырмақ болған тұрғындардың үміті ақталмады. Олар алданғандарын айтып, полицияға арызданғанымен, әзірге нақты нәтиже жоқ екенін жеткізді.

Жәбірленушілердің айтуынша, олар ақшаны қолма-қол беріп немесе такси арқылы жіберіп отырған. Қолдарында төлемге қатысты чектер болғанымен, тиісті қолхаттардың болмауы және дәлелдердің жеткіліксіздігі істің қаралуын қиындатқан. Олардың сөзінше, іс жабылып қалған.

Мәселеге қатысты Мұнайлы ауданының прокуроры Бауыржан Бердібеков арызданушылардың өтініштерін қайта қарап, құжаттарды зерделейтінін мәлімдеді.

«Мен сіздердің арыздарыңыздың негізінде барлық құжатты қараймын. Құжаттарды көтеріп, зерделеп, содан кейін заңда белгіленген мерзімде сіздерге жауап беруге уәде беремін», – деді ол.

Қыруар қарызға батқан отбасылар несиені төлей алмаған жағдайда баспанасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқтықтың осыған ұқсас тәсілімен олардың көршілері де зардап шеккен. Ал келтірілген жалпы шығын көлемі 70 млн теңгеге жуықтаған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button