Маңғыстауда үздік педагогтерге 500 мың теңгеден беріледі

Маңғыстауда білім беру ұйымдарының педагогтері арасында байқау өтеді. Жеңімпаздарға 500 мың теңгеден беріледі, деп хабарлайды aishyq.kz.
Білім басқармасының мәліметінше, байқаудың негізгі мақсаты – білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып, кәсіби қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізген ұстаздарды анықтап, ынталандыру.
Конкурс жеңімпаздарына «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталып, 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі.
Байқау 12 номинация бойынша ұйымдастырылады. Олар:
- «Үздік әдістемені ұсынушы»;
- «Ұлттық дәстүрді үздік насихаттаушы»;
- «Үздік цифрлық технологияларды қолданушы»;
- «Орта білім беру ұйымдарының үздік дарынды балалар жетекшісі»;
- «Үздік жетістіктер шебері»;
- «Орта білім беру ұйымдарындағы үздік полиглот мұғалім»;
- «Үздік сынып жетекшісі»;
- «Мектепке дейінгі ұйымдардың үздік педагогы»;
- «Үздік қосымша білім беру мұғалімі»;
- «Үздік арнайы білім беру ұйымдарының педагогы»;
- «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының үздік арнайы пән оқытушысы»;
- «Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың үздік өндірістік оқыту шебері».
Педагогтерден құжаттар 1-10 қыркүйек аралығында электронды түрде қабылданады. Құжаттарды 11-23 қыркүйек күндері жұмыс тобы қарайды. Ал облыс әкімі жанындағы комиссияның қарауы 24-25 қыркүйекке жоспарланған.
Құжаттар gulzat07111988@mail.ru электронды поштасы арқылы қабылданады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Мұғалімдер күніне арналған мерекелік шара аясында өтеді.



