Маңғыстауда ескі құдықтарды зерттеу үшін 7 күндік экспедициясы ұйымдастырылды

PR маман Азамат Битан Маңғыстаудағы ескі құдықтардың тарихын зерттеу үшін 7 күндік экспедиция ұйымдастырды. Сапар барысында ол мыңнан астам шақырым жол жүріп, Маңғыстау ауданының әр аумағын аралаған. Бұл туралы жоба авторы Азамат Битан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Экспедиция кезінде жоба авторы ескі құдықтардың тарихына үңіліп, жергілікті тұрғындармен, қариялармен кездескен. Ел аузындағы әңгімелер мен естеліктерді жинақтап, бұрын өзі бармаған тарихи орындарды аралаған.
Азамат Битанның айтуынша, сапардың мақсаты тек ескі құдықтарды түгендеумен шектелмейді. Ол құдықтардың айналасында қалыптасқан тіршілікті, ауылдардың өткені мен бүгінін, болашағын зерделеуді көздейді.
«Мен тек өткеннің жұртын түгендеп жүрген жоқпын. Жеті күн ішінде Маңғыстау ауданының барлық жерін араладық. Ел ішіндегі естеліктерді жинақтап, айтылған әңгімені жазып алдық. Бұрын бармаған тарихи мекендерге бардық. Сөйтіп, Астанаға бір құдық емес, Маңғыстау туралы сан алуан ой мен міндетті арқалап қайттым», – деп жазды Азамат Битан.
Ол экспедиция барысында жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген азаматтарға және әр құдықтың тарихын тарқатып айтқан қарияларға алғыс білдірді.
Сондай-ақ алдағы уақытта жобаның екінші кезеңі басталатынын хабарлады. Азамат Битанның сөзінше, Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай бөлісетін жаңалықтары бар.
«Мен Маңғыстаудан кетіп бара жатқан жоқпын. Керісінше, қайта оралар жолымды бастап келемін», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда ескі құдықтар мен шыңыраулар зерттелетінін және жоба авторы Азамат Битанның Маңғыстауда ұйымдастырылатын экспедиция Президенттің «Таза Қазақстан» идеясымен үндесетінін айтқанын жазған едік.



