Барлық жаңалықтарМаңғыстау жаңалықтары
Тренд

Маңғыстауда ескі құдықтар мен шыңыраулар зерттеледі

Маңғыстау облысы аумағы мен Үстірттегі көне құдықтар мен шыңырауларды іздеу, олардың тарихын жинақтау және қазіргі жағдайын зерттеу мақсатында арнайы экспедиция ұйымдастырылады, деп хабарлайды aishyq.kz.

Aitmedia.kz-тің мәліметінше, жоба аясында өңір тұрғындарынан ел ішінде сақталған ескі құдықтар туралы дерек жинау басталды.

 «Маңғыстау өңірі үшін су мәселесі қашанда маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өңірге сапарларында бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Көне құдықтарға жай ғана су көзі деп қарамауымыз керек. Бірнеше ғасыр бұрын құдық тұтас қоныстың тіршілігін айқындады. Елдің көші, малдың өрісі, керуеннің жолы суға тәуелді болды. Сондықтан көне құдықтар — ата-бабаларымыздың шөл даладағы тіршілік тәжірибесін танытатын инженерлік мұра әрі Маңғыстаудың тарихи жадының бір бөлігі. Оларды тауып, тарихын елге жеткізуіміз керек», — дейді жоба авторы Азамат Битан.

Экспедицияны ұйымдастырушылар жоба Президенттің «Таза Қазақстан» идеясымен үндесетінін айтады.

 «Туған жердің табиғи және тарихи мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу — осы идеяның маңызды маңызды бағыттарының бірі», — дейді олар.

Бұл жобаның басталуына Серікбол Қондыбайдың Маңғыстау мен Үстірттің жер-су атауларына қатысты еңбектері де түрткі болған. Оның еңбектерінде жүздеген құдық, шыңырау, су көздерінің атауы кездеседі.

Осы күзде өтетін экспедиция кезінде құдықтардың орналасқан жері мен кординаттарын анықтау, қазіргі жағдайын құжатпен реттеу, ел аузындағы деректерді жазып алу жоспарланған.

     «Тарихи-мәдени маңызы бар құдықтарды қорғауға алып, мұра нысандарының қатарына енгізу мәселесі де назарда. Зерттеуден кейін су көздерін мал шаруашылығы, жайылымдарды суландыру, егін шаруашылығы мен басқа да қажеттіліктерге қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Қазір ел ішіндегі деректерді жинақтау — ең маңызды процесс. Маңғыстау мен Үстірттегі көне құдық, шыңырау, олардың атауы, орналасқан жері, кім қазғаны, ескі суреттер мен карта болса, +7 707 682 02 69 (WhatsApp) нөміріне жолдай алады», — деді ұйымдастырушылар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button