Маңғыстауда есінен танып қалған туристі полицейлер дер кезінде ауруханаға жеткізді

Маңғыстауда патрульдік полиция қызметкерлері Дағыстаннан Ақтауға қонаққа келе жатқан шетелдік отбасының жасөспірім қызына жедел көмек көрсетті. Қыз бала жол үстінде кенеттен есінен танып қалған, деп хабарлайды aishyq.kz.
Оқиға Ақтау–Жетібай автожолының 40-шақырымында болды. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол жиегінде тоқтап тұрған автокөлікті байқап, көмек қажет болуы мүмкін екенін ескеріп, көліктің қасына тоқтаған.
Полиция капитандары Тұрлан Оразұлы мен Біржан Үсіпбаев жүргізушімен сөйлесу кезінде жолаушылардың бірі – жасөспірім қыздың есінен танып қалғанын анықтаған.
Полицейлер уақыт жоғалтпай, жасөспірім мен оның анасын патрульдік автокөлікке отырғызып, Ақтау қаласына қарай жедел жолға шыққан. Сонымен қатар олар жедел жәрдем қызметімен байланысып, медициналық бригаданың жолдан қарсы алуын сұраған.
Патрульдік полиция қызметкерлері жедел әрекетінің арқасында жасөспірімді аман-есен медициналық қызметкерлерге жеткізді. Кейін науқас әрі қарай тексеру және медициналық көмек алу үшін облыстық балалар ауруханасына кетті.



