Маңғыстауда автобус жаяу жүргіншіні қағып, адам қаза тапты

Ақтау – Қаламқас автожолында автобус жаяу жүргіншіні қағып, адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері көз жұмды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Әлеуметтік желілерде жол жиегінде арнайы жұмыс киіміндегі ер адамның жатқан сәті түсірілген видео тарады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты 6 қараша күні сағат 11:30 шамасында Ақтау – Қаламқас тасжолының 170–171-шақырымында, аялдама маңында болған.
Қаражанбас кен орнына қарай бағыт алған Daewoo маркалы вахталық автобус жолды кесіп өтіп бара жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерін қағып кеткен.
Компания өкілдері оқиға дерегін растады. Соққы салдарынан мекеме қызметкері қаза тапқан.
«Қаза болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз», – делінген компанияның хабарламасында.
Ал желі қолданушыларының айтуынша, оқиға болған жерде жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус мобил-сервистің автобусы болуы мүмкін. Сондай-ақ пікір қалдырушылардың бірі марқұмның вахтадан келе жатқанын жазған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.



