Маңғыстауда 2 мың гектар алқапқа астық егіледі

Маңғыстау ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба қолға алынды. Шайыр ауылдық округіне қарасты Тасмұрын мекенінде 2 мың гектар жерге картоп пен бидай егу жоспарланып отыр, деп хабарлайды aishyq.kz.
Жобаны «Мақсат» шаруа қожалығы жүзеге асырады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, осы мақсатта шаруашылыққа картоп өсіру және бидай егу үшін 2 мың гектар жер телімі үш жыл мерзімге жалға беріліп отыр.
Қазіргі уақытта 300 гектар алқап толық өңделіп, егіс науқанына дайындалды. Ал тұқым себу жұмыстары қараша айында басталады деп жоспарланған.
Инвестициялық жобаның аясында тек егін шаруашылығын дамыту ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттары да қарастырылған. Атап айтқанда, ұн және жарма өндіру, мал азығын дайындау ісін жолға қою көзделген.
Жобаның жүзеге асуы өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.



