Жаңалықтар

«Кендірлі» әуежайы құрылысының 49 пайызы орындалды

Маңғыстау облысындағы «Кендірлі» курорттық аймағында әуежай құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі таңда нысан құрылысының жалпы орындалу деңгейі 49 пайызға жетті, деп хабарлайды aishyq.kz

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр болады. Нысан сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдауға есептелген. Сондай-ақ Bombardier Q400, ATR-72, CRJ-200 және осыған ұқсас әуе кемелеріне қызмет көрсете алады. Әуежайды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Қазір ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау және кірме жолдың құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге жолаушылар терминалы, материалдық-техникалық қойма және авиациялық қауіпсіздік қызметінің ғимараты салынуда.

Инженерлік инфрақұрылым аясында байланыс, газ, су және электр желілері тартылып жатыр. Бұдан бөлек, әуе қозғалысын басқару пункті, аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтарды орналастыруға арналған нысандар салу жоспарланған.

 

Әуежайдан Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана, Қызылорда және Алматы қалаларына ішкі рейстер ашу көзделген. Халықаралық бағыттар бойынша Нөкіс, Баку және Астрахань қалалары қарастырылуда.

Нысанның құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаның өңірдің көлік және туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті.

– «Кендірлі» әуежайы – көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, курорттық аймақтың туристік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізіліп, нысанның белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі.

Ол жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, жұмыстардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button