Барлық жаңалықтарЖаңалықтар

Каспийдегі қайғылы оқиға 11 жылдан кейін қайталанды

Бүгін Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде орын алған жағдай осыдан 11 жыл бұрын Каспийде болған тағы бір қайғылы оқиғаны еске түсірді. 2015 жылғы 18 қыркүйекте “Орталық-2015” оқу-жаттығуы кезінде теңізге 4 әскери қызметші батып кеткен болатын, деп жазады aishyq.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

11 жыл бұрын Ақтауда «Орталық-2015» оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Теңізге алты БТР-80, ішінде 52 әскери қызметшісімен шыққан. Қатты жел мен толқын салдарынан техника суға батып, 4 әскери қызметші қаза тапты.

Сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрып, оқиға орнына баруды тапсырды.

Сол күні қаза тапқан әскери қызметшінің есімдері: 19 жастағы Бауыржан Жолдабай, ол Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан шақырылған, сондай-ақ оның құрдасы Асылжан Махамбетов Атырау облысынан, 23 жастағы Замир Әділов Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан және 19 жастағы Бағытжан Қалыбай Атырау облысы Мақат кентінен қызметке шақырылған.

Асылжан Махамбетов пен Бағытжан Қалыбайдың әскерден қайтуына бір ай қалған еді.

Осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК 453-бабы 2-бөлігі — “ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау” бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Қызметтік тексеріс пен алдын ала тергеу қорытындысы бойынша бірқатар әскери басшы қызметінен босатылды. Атап айтқанда, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Мұрат Нұғманов, оның бірінші орынбасары Ризат Қолпашев, жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары Мерген Қапашев, және теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі Ербұлат Толықбаев қызметінен босатылды.

Ал 2016 жылы 25 қарашада Ақтауда Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 4 сарбаздың қаза болуына қатысты сот үкімі шықты. Іс бойынша 6 адам жауапқа тартылды. Мұрат Нұғманов, Ербұлат Толықбаев, Рашид Жылқыайдаров — 2,5 жылға, Абай Баймұратов — 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бауыржан Төлегенов пен Ерасыл Көбеген 6 айға шартты жаза алды. Сот оларды қызметке салғырт қарады деп таныды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button