Маңғыстау жаңалықтары

Instagram-да жалған ақпарат таратқан ақтаулыққа 544 мың теңге айыппұл салынды

Ақтау қаласының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде өзге азамат туралы жалған мәлімет жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 544 950 теңге айыппұл салынды, деп жазады aishyq.kz.

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Н. есімді азаматқа қатысты іс қаралды.

Іс материалдарына сүйенсек, ол биыл қазан айында Instagram парақшасында Д. есімді азаматтың отбасылық жағдайы мен балаларына қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялаған. Бұл жазбалар жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ іскерлік беделіне нұқсан келтірген.

Сот отырысында жауапкер кінәсін мойындамай, тағылған айыппен келіспейтінін жеткізген. Ал жәбірленуші заң аясында тиісті шара қолдануды сұраған.

Азаматтың кінәсі жәбірленушінің түсініктемелері, әлеуметтік желідегі жазбалар мен фотосуреттер, арыз және басқа да құжаттар негізінде дәлелденді.

Нәтижесінде сот оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бапта жеке тұлғаларға 180 АЕК айыппұл салу немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Алайда сот жаза тағайындау кезінде жауапкердің 14 жасқа толмаған баласы бар екенін ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты. Осылайша, оған 544 950 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button