Елена Рыбакина алғаш рет US Open чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Нью-Йоркте өткен маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирінің финалында қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.
Тартысты өткен матч 2 сағат 21 минутқа созылды. Үш сетке жалғасқан кездесуде Рыбакина қарсыласын 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді.
Финал барысында Елена 12 эйс жасап, бес рет қос қателікке жол берді. Сонымен қатар 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Бұл — 27 жастағы қазақстандық теннисшінің мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» титулы. Бұған дейін Рыбакина Уимблдон-2022 және Australian Open-2026 турнирлерінде жеңімпаз атанған.
US Open-дегі жеңістен кейін Елена Рыбакина 9901 ұпай жинап, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріледі. Ал Арина Соболенко екінші сатыға жайғасты.
Жеңістен кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакина тарихи жетістігін командасы және достарымен бірге атап өтетінін айтты.
«Командаммен, достарыммен бірге міндетті түрде атап өтемін. Олар маған өте көп көмектесті. Әзірге нақты не істейтінімізді білмеймін, бірақ өте көңілді болатынына сенімдімін», — деді Елена Рыбакина.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та теннисшіні тарихи жеңісімен құттықтады.
«Бұл – Сіздің әлемнің бірінші ракеткасы атағына лайық екеніңізді растайтын тамаша табыс. Сіз тағы да асқан шеберлік пен табандылық танытып, жоғары мәдениетіңізбен көпшілікті тәнті еттіңіз. Қазақстан халқы жетістіктеріңізді мақтан тұтады», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.



