«Еден қираған, пештен түтін шығады»: Маңғыстауда табиғи парк инспекторлары әкімнен көмек сұрады

Маңғыстау облысындағы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің «Адамтас» қаумалында қызмет ететін инспекторлар тұрмыстық жағдайға шағымданып, облыс әкіміне видеоүндеу жолдады, деп жазады aishyq.kz.
Олардың айтуынша, қызметтік вагонның едені шіріп, төсек-орын мен пеш көңіл көншітпейтін күйге күйге түскен. Ал жұмыс орнын қажетті тұрмыстық заттармен өз қаражаттары есебінен жабдықтап келеді.
Инспекторлар әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуде 2019 жылы берілген вагонның бүгінде әбден тозғанын көрсетті. Олардың сөзінше, өткен жылы еденнің бір бөлігі құлап, өз күштерімен жөндеген. Алайда биыл қайтадан жарамсыз күйге түскен.
«Жататын төсегіміздің жағдайы мынау. Еденнің кесірінен ішіндегі заттардың бәрі қисайып, бүлінген. Пешіміз де қыс бойы қара түтін шығарады. Осы жерде от жағып, түтінге уланып отырмыз», – дейді инспекторлардың бірі видеоүндеуде.
Сондай-ақ қызметкерлер қаумалдағы тұрмыстық қажеттіліктердің басым бөлігін өз қалталарынан сатып алатынын айтады. Олардың қатарында тоңазытқыш, күн сәулесінен электр қуатын өндіретін құрылғы, байланыс құралдары, газ пеші мен баллоны бар.
Инспекторлардың айтуынша, вагонды жылына екі рет – көктем мен күзде өз қаражаттары және күштерімен жөндеуге мәжбүр. Ал мекеме тарапынан тиісті көмек көрсетілмеген.
Бұдан бөлек, видеоүндеуде инспектор бұған дейін де үндеу жасап, қызметтік көлікті жаңартып алғандарын айтқан. Алайда жоғарыда айтылған мәселе бар. Қызметкердің сөзінше, бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған видеодан кейін мекеме тарапынан тексеріс жүргізілген. Алайда тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталғанымен, мәселе тиісті деңгейде шешілмеген.
Осыған байланысты инспекторлар Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға үндеу жасап, «Адамтас» қаумалындағы еңбек жағдайын тексеріп, көтерілген мәселелерге әділ баға беруді сұрады.
Редакция инспектордың видеоүндеуінде айтылған жайттарға қатысты мекеме басшылығынан ресми түсініктеме күтеді.



