Бозжыраға жаяу барған шетелдік турист көпшілікті таңқалдырды
Маңғыстау облысына келген аустралиялық турист Бозжыра шатқалына жаяу барды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Әлемді жалғыз аралап жүрген аустралиялық Эмидің бұл сапарының ерекшелігі — жаяу жүру болып отыр. Ол жол қысқарту үшін автожолдарда көлік тоқтататынын алға тартты.
«Мен әлем елдерін жаяу әрі жалғыз аралаймын. Кейде көліктерді тоқтатып, жолдың бір бөлігін көлікпен жүріп өтемін. Бұл шынымен де қауіпсіз әрі тиімді. Мұндағы адамдар көмектесуге дайын, ниеттері де жақсы», – деді саяхатшы.
Орталық Азия елдерін аралау кезінде ол Қазақстанға аялдап, өңірдің табиғи көрікті жерлерімен танысқан көрінеді. Ал оның Бозжыраға барғанын маңғыстаулық тұрғын куә болып, әңгімеге тартқан. Ол Эмимен тілдескен сәтін әлеуметтік желіге жариялады.
Саяхатшының сөзінше, жолда кездескен көліктерді тоқтату — уақыт пен күшті үнемдеуде өте тиімді.



