«Бомба бар»: Алматы-Ақтау әуе рейсіне мінген қарт жолаушы әзіл айтамын деп басы дауға қалды

Алматыдан Ақтауға ұшып бара жатқан FlyArystan әуе компаниясының рейсінен қарт жолаушы орынсыз әзілі үшін ұшақта келеңсіз жағдай тудырды, деп хабарлайды aishyq.kz
Ақсақал ұшақ салонында қол жүгін орналастыру кезінде жарылғыш затқа қатысты сөз айтып, әзілдеген көрінеді. Аталған оқыс оқиға 3 қыркүйекте Алматы әуежайында орын алды.
Бұл туралы белгілі блогер Айгерім Сүлейменова желіде бейнежазба жариялады. Оның айтуынша, ер адам қол жүгін ұшақтың жоғарғы сөресіне орналастыру кезінде бортсерікке көмектеспек болған екен. Бірақ, ол стюардессаға сөмкені неге өзі көтере алмайтынын, ауыр болғандықтан ба, әлде ішінде бір нәрсе болғандықтан ба деп әзілдеп сұраған. Алайда жолаушының айтқан сөзі әуе көлігі жағдайында қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қабылдануы мүмкін болған.
Осыдан кейін жолаушылардан қосымша тексеруден өтуі талап етіліп, қол жүктері де қайта қаралды. Соның салдарынан рейс кешігіп ұшқан.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері авиациялық қауіпсіздік мамандарымен бірлесіп, жолаушыны тексерді.
Тексеру барысында оның жанынан тыйым салынған заттар мен жарылғыш заттар табылмаған. Полицияның хабарлауынша, жолаушыларды эвакуациялау жүргізілмеген, әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырған.
Соған қарамастан, ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материал толтырылған. Енді іс шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болды.



