Балабақша тәрбиешісінің балаларға күш қолдануы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Атырау облысының Индер ауданындағы «Балдәурен» балабақшасында балаларға күш қолдану дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған әлеуметтік желілерде тәрбиешінің тәрбиеленушілерге дөрекі қарым-қатынас жасағаны туралы ақпараттың таралуы себеп болған, деп жазады aishyq.kz.
Оқиға балабақшаның «Солнышко» тобында болған. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, тәрбиеші балаларға қатысты дөрекі әрекеттерге барған.
Атырау облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенуде.
Полиция өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеді.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін заң аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады.



