Атыраулық екі әйел өздерін «20 жылдан бері террористпіз» деп таныстырды
Атырау қаласының тұрғыны TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде парфюм сату кезінде 20 жылдан бері террорист екенін мәлімдеді, деп жазады aishyq.kz.
Тікелей эфир барысында әйелдердің бірі бетін толық жауып тұратын никаб киген, ал екіншісі хиджабпен отыр. Олар әңгіме арасында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) қатысты мәлімдемелер жасаған.
Атап айтқанда, әйелдер ҰҚК өкілдерімен жақсы таныс екенін айтып, өздерін Қазақстандағы террористер тізімінде бірінші орында тұрған адамдар ретінде сипаттаған. Сондай-ақ комитет өкілдері оларға «дұрыс сөйлеңдер» деп ескерткенін, өздеріне ешқандай шара қолданылмайтынын әзілге айналдырып, күлген.
Алайда әйелдердің бұл сөздері әзіл ретінде айтылды ма, әлде қандай да бір нақты мәліметке негізделген бе, әзірге белгісіз. Олардың мәлімдемелерінің шынайылығы мен құқық қорғау органдарының бұл жағдайға қатысты ұстанымы нақтыланбаған.



