Ақтаулықтар қоршаусыз шұңқыр мен ашық кабельге қатысты шағымданды

Ақтау қаласының 14 шағынауданындағы 14 үйдің маңында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Тұрғынның айтуынша, құрылыс аумағында терең шұңқыр қазылған. Бірақ оның айналасында қоршау жоқ. Сонымен қатар шұңқыр маңында электр кабелі ашық күйінде жатыр.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің телеграм каналында жазылды. Тұрғынның сөзінше, бұл жағдай әсіресе балалар мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпті болуы мүмкін. Электр кабелінің ұштары ашық күйде, тиісті талаптарға сай оқшауланбағаны байқалады.
Тұрғын жауапты мекемелерден құрылыс аумағындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп, шұңқырды қоршауға, аумақты жарықтандыруға және ашық жатқан кабельдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударуды сұрайды.
Aishyq.kz редакциясы жауапты мекеме мамандарынан ресми жауап күтеді.



