Ақтаулық сарбазды Ақтөбедегі әскери бөлімде ұрып-соққан

Ақтаудан әскерге шақырылып, Ақтөбеде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз ауруханаға түсті. Ол видеоүндеу жазып, әскери бөлімде сержанттардың өзін бірнеше рет ұрғанын айтты, деп хабарлайды aishyq.kz.
Сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева сөзінше, ұлы 3 шілдеден бастап Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Анасына 4 қыркүйекте ауруханадан қоңырау түсіп, баласының үш күннен бері медициналық мекемеде жатқанын білген.
Алғашында жас сарбазды уролог қараған. Талдау нәтижесінде инфекция анықталмаған. Кейін дәрігерлер травматолог шақырған. Анасының айтуынша, маман қуықтағы мәселелердің денеге түскен жарақатпен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.
Дәрігермен сөйлескеннен кейін жігіт анасына әскери бөлімде ара-тұра соққыға жығылып жүргенін айтқан. Травматолог дәрігер полиция шақырып, жігіт құқық қорғау органдарына арыз жазған.
Кейін анасы ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен кезде, сарбаз өзін аға сержант және тағы екі сержант ұрғанын айтқан.
Қазір сарбаз ауруханада жатыр.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, аталған әскери бөлімде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбазға қатысты жағдай бойынша тергеу басталды. Істі Ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі қарап жатыр.
«Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.



