ҚоғамМаңғыстау жаңалықтары
Тренд

Ақтаудағы «Назым» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жанайқайын жеткізді

Пәтердің кілті қолда, бірақ үйдің құжаты жоқ. Лифтсіз, ыстық сусыз қалған тұрғындар төрт жылдан бері баспана мәселесін шеше алмай жүр. Ақтаудағы 32В шағынауданында орналасқан «Назым» тұрғын үй кешенінің салымшылары құрылыс компаниясына қатысты жанайқайын aishyqkz редакциясына жолдады.

Тұрғындардың айтуынша, «Nur-Ali» компаниясы үйді 2022 жылдың екінші тоқсанында тапсыруға уәде берген. Алайда уәде орындалмаған. Араға жылдар салып, тұрғындарға пәтер кілттері берілгенімен, баспана толыққанды пайдалануға дайын емес.

Кілт алған тұрғындар әлі күнге дейін лифтсіз жүр. Ыстық су жоқ, пәтерлердің тиісті құжаттары да рәсімделмеген. Ал баспанасын күткен салымшылардың кейбірі бес жылдан бері сабылып жүргенін айтады.

Тұрғындар құрылыс компаниясының басшылығымен кездесуге талай рет талпынған. Хат жазып, жиналыс өткізуді талап еткен. Бірақ олардың сөзінше, компания директоры халықпен жүздесуге асығар емес.

«Құзырлы органдардан көмек сұрап, хат жолдадық. Сол кезде «Назым» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2023 жылы сот шешімімен заңсыз деп танылғанын білдік. Компания бұл туралы хабарлаған емес, тіпті сот шешімін де көрсетпеді. Біз төрт жылдан бері, кейбір салымшылар бес жылдан бері алданып келеміз. Құзырлы органдардан «Nur-Ali» компаниясына тиісті тексеріс жүргізіп, тұрғын үйді заң аясында тапсыруды талап етеміз», – дейді ашынған тұрғындар.

Енді олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокуратураға және Маңғыстау облысының әкімдігіне үндеу жолдап отыр. Басты талап – жылдар бойы шешімін таппаған мәселеге нүкте қойылып, тұрғындардың заңды құқығы қорғалса дейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button