ЖаңалықтарҚоғам

Ақтауда тұрғын мектеп қоңырауының қатты соғылуына қатысты шағымданды

Ақтауда 1 шағынауданның тұрғыны №3 мектепте үзіліс уақытын білдіретін қоңыраудың даусы қатты естілетініне шағымданды. Оның айтуынша, оқу жылы басталғалы көшедегі дауыс зорайтқыштар арқылы берілетін қазақ күйлерінің әуені күніне бірнеше рет жақын маңдағы үйлерге қатты естіледі.

1 қыркүйектен бастап мектепте қоңыраудың орнына қазақ күйлерінің әуені қосылады. Ер адам ұлттық музыканы дәріптеу идеясына қарсы емес екенін, алайда оның мектеп аумағынан тыс жерлерге естілуіне наразы екенін атап өтті.

«Қоңырау таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін соғылады. Екі ай өткен соң бұл жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына қолайсыздық тудыра бастады. Мұнда зейнеткерлер, түнгі ауысымнан кейін демалуы керек адамдар тұрады. Қандай да бір регламент бар-жоғын білгім келеді. Әрбір қоңырауды сыртқы дауыс зорайтқыштар арқылы қайталау міндетті ме?» — деп шағымданды тұрғын.

Мектеп өкілдері музыкалық қоңырау балаларды ұлттық мәдениетке баулу үшін қолданылатынын айтты. Сондай-ақ сыртқы жүйе мектеп ауласында өтетін дене шынықтыру сабақтары кезінде оқушыларды хабардар ету үшін қажет екен. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, қоңырау белгіленген уақытта соғылып, шамамен 5–6 секундқа созылады.

«Мектеп әкімшілігі тұрғындардың тыныштығына құрметпен қарайды. Дауыс зорайтқыштың пайдалану тәртібі мен дыбыс деңгейіне де назар аударамыз», — деді мектеп ұжымы.

Қалалық білім бөлімі сыртқы жүйенің ең алдымен ашық спорт алаңында шұғылданатын оқушылар үшін орнатылғанын растады. Тұрғындардың өтінішінен кейін №3 мектеп әкімшілігіне сыртқы қоңырауды толығымен өшіру тапсырылды. Ведомство күннің суытуына байланысты ашық алаңда дене шынықтыру сабақтары өткізілмейтінін де атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button