Ақтауда сырғанақта ойнаған баланың саусағы қиылып кетті: Тұрғындар ойын алаңының жағдайына шағымданды

Ақтаудағы 17 шағынаудан 51 үй алдындағы ойын алаңында ойнап жүрген бүлдіршін саусағын сырғанаққа тіліп алған. Бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланды.
Видео авторының айтуынша, жақында болған келеңсіз оқиға балалар қауіпсіздігінің мүлде ескерілмей тұрғанын көрсетеді. Ойын алаңындағы сырғанақта темір мен ағаш арасы ашылып кеткен. Салдарынан ойнап жүрген баланың саусағы қысылып, кесіліп кеткен.
«Кеше кешкісін мына жерде бір оқиға болды. Бір бала саусағын сырғанаққа қысып алды, нәтижесінде саусағы кесіліп кетті. Мына жері ашық тұр екен, қараңғыда немесе байқамай қалсаң, өте қауіпті. Жанындағы ересекке де көрінбейді. Жаздың басында да осы жерде бір бала қансырағанын көрдім», – дейді тұрғын.
Сонымен қатар тұрғындар бұл тек жалғыз ақау еместігін айтады. Ойын алаңындағы әткеншектердің көбі қирап, сынып жатыр. Онда балалардың еркін әрі қауіпсіз ойнауына ешқандай жағдай жасалмаған.
Тұрғындар әкімдік пен жауапты мердігерден бұл мәселені назарға алып, жауап беруін сұрайды.
@aktau_akimdigi



