ҚоғамМаңғыстау жаңалықтары
Тренд

Ақтауда спортшының бетіне белгісіз зат жағып, әдейі күйдірген: Зардап шеккен спортшы қыз әділдік іздейді

Ақтауда грэпплингтен өткен AIGA чемпионаты кезінде кәмелетке толмаған спортшы қыздың бетіне қарсыласы белгісіз зат жаққан. Салдарынан оның беті, әсіресе көзінің асты қатты ашып, күйген. Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды aishyq.kz.

Спортшының анасы(@persian_afahariids) айтуынша, қызы Маңғыстау облысының құрама командасының құрамында болған. Жекпе-жек кезінде қарсыласы оның бетіне белгісіз зат жаққан. Әйелдің пайымдауынша, зат теріде айқын күйік іздерін қалдырмайтындай етіп жағылғанымен, қызы қатты ауырсыну сезінген.

Сонымен қатар анасы жарыстың ұйымдастырылуына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оның сөзінше, турнирде медициналық қызметкерлер болмаған. Сондай-ақ жарысқа қатысушылардың арасында жас ерекшелігіне қатысты деректерді қолдан өзгерту фактілері болуы мүмкін.

Оқиғадан кейін анасы заңды жолмен әділдік іздеп, e-Otinish платформасы арқылы бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда оның айтуынша, өтініштерінен нәтиже болмаған.

2025 жылғы 21 қазанда ол қызымен бірге облыстық олимпиадалық резервтің бұрынғы басшысы Манарбек Бисекеновтің қабылдауына барған. Әйелдің мәлімдеуінше, сол кездесуде оған дөрекі сөйлеп, психологиялық қысым көрсеткен. Оның айтуынша, қабылдау кезінде Бисекенов: «Прокуратураға барсаң да, сотқа барсаң да, тіпті Тоқаевқа барсаң да ештеңе істей алмайсың!» деген.

Сондай-ақ анасы қызына да ауыр сөздер айтылғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл жағдай баланың психологиялық күйіне кері әсер етті.

Анасының мәлімдеуінше, қызына күйзеліс жағдайына жедел реакция диагнозы қойылып, бұл психолог пен психиатр қорытындыларымен расталған. Алайда сот процесінде баланың алған психологиялық зардабына тиісті баға берілмегенін айтады. Керісінше, істің нәтижесінде өзін кінәлі етіп көрсеткеніне наразы.

Қазір ол жергілікті органдарға деген сенімі жоғалғанын айтып, Президент Әкімшілігіне, Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураға үндеу жолдады. Анасы аталған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп, әділ шешім қабылдауды сұрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button