Ақтауда ер адамның сөмкесінен бір келіге жуық қара уылдырық табылды

Ақтауда 39 жастағы тұрғынның сөмкесінен бір келіге жуық қара уылдырық тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды aishyq.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ер адам 21 қазанда «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұсталған. Жеке заттарын тексеру кезінде сөмкесінен қара уылдырық салынған екі пластик ыдыс анықталған.
– Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір өнімнің шығу тегі мен оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр, – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды, олардың бөліктері мен туындыларын заңсыз сақтау, тасымалдау немесе сату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.



