Жаңалықтар

Ақтауда дәрігерге қол көтерген азамат жанжалдың себебін түсіндірді

Ақтауда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында дәрігерге күш көрсеткен азамат оқиғаның өз нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, жанжалға дәрігердің бұған дейін баласына медициналық көмек көрсету кезіндегі әрекеті мен отбасына қатысты айтқан сөзі себеп болған. Азамат әлеуметтік желіде жариялаған видеода оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды aishyq.kz. 

Өзін Шаншархан Абдухалим деп таныстырған азамат Жаңаөзен қаласының тумасы екенін, үш баланың әкесі екенін айтты. Сегіз ай бұрын кенже баласына ем алу мақсатында Ақтауға көшіп келген.

Оның сөзінше, 19 қазанда екінші баласы Жамбыл Ибрахимнің іші ауырып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Жедел жәрдем қызметкерлері баладан соқырішек қабынуының белгілерін байқап, оны облыстық балалар ауруханасына жеткізген.

Алайда азамат ауруханада баласына медициналық көмек көрсетілуін ұзақ күткенін айтады. Оның мәлімдеуінше, дәрігерлер баланың дене қызуын өлшеуге жарты сағаттан астам уақыт жұмсаған. Кейін ішін тексеріп, алғашқыда ішіне жел жиналғанын айтқан.

Сондай-ақ әкесі қан талдауында лейкоцит көрсеткіші 21,5 болғанын, бірақ баласын бірден стационарға жатқызбағанын жеткізді. Оның айтуынша, аурухана қызметкерлері бастапқыда үйіне қайтуға кеңес берген. Тек түнгі сағат 23:00 шамасында қайта талдау алынғаннан кейін баланы ауруханаға жатқызуға келіскен.

«Менің балам түнімен 39 градус температурамен жатты. Таңертең сағат 08:30 шамасында басқа хирург келіп, ішін қарағаннан кейін бірден операция жасау керегін айтты. Балама операция жасалды, сәтті өтті. Аллаға шүкір, мен үшін ең бастысы – баламның амандығы», – дейді азамат.

Бұдан бөлек, ол баласы операциядан кейін палатада жатқан кезде хирург Измаилов Қанаттың кенже баласына қатысты дөрекі сөйлеп, отбасына қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді. Азаматтың айтуынша, бұл туралы ол тек кейін білген.

Оның сөзінше, 31 қазанда баласының іші қайта ауырған соң, оны тағы да ауруханаға алып барған. Сол жерде бұрын баласына операция жасаған дәрігермен қайта кездескен. Азамат дәрігердің өзіне мысқылдай қарағанын алға тартады.

Осы жағдайдан кейін дәрігермен арада жанжал туындаған. Азамат өз әрекетін түсіндіре келе, баласының денсаулығына алаңдағанын және бұған дейінгі жағдайларға байланысты реніш болғанын айтты.

Ол видеосының соңында Маңғыстау тұрғындарынан қолдау сұрап, оқиғаның әділ қаралуын қалайтынын жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button