Ақтауда алимент төлемеген әкелер көлігі мен үйінен айырылды

Ақтауда прокуратураның бастамасымен биыл алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды aishyq.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасының мәліметінше, алимент бойынша борышкерлерден 2 пәтер, 1 жер учаскесі мен 3 автокөлігі тәркіленіп, берешек есебіне өндіріп алушыларға берілген.
«Жеке сот орындаушының берешекті анықтау туралы қаулысына сәйкес борышкердің берешек сомасы 37,8 млн теңгені құраған.Тексеру барысында борышкердің атында Toyotа Land Cruiser маркалы автокөлігі бар екені анықталды. Жеке сот орындаушымен аталған автокөлік 25,5 млн теңгеге бағаланып, берешекті өндіру мақсатында өндіріп алушының пайдасына берілді. Ал басқа жағдайда, азаматтан берешек өндіру мақсатында 13,4 млн теңгеге бағаланған пәтердің үлесі өндіріп алушының пайдасына берілді», — деді прокуратура өкілдері.
Бұдан бөлек, кірістерін жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 46 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелген.



