Ақтауда 22 жастағы тұрғынның үйінен есірткі дайындауға арналған заттар табылды
Ақтауда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген 22 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды aishyq.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап.
24 қыркүйекте республикалық «Қарасора – 2026» және «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әріптестерімен бірлесіп, қызметтік ит Кираның көмегімен Ақтау қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдікті азамат түнгі уақытта ойын-сауық орындарының бірінде ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі бойынша бұрын қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталды. Оның тұрғылықты мекенжайында санкцияланған тінту жүргізу барысында полиция қызметкерлері димедрол дәрілік препаратының ампулаларын, ішінде сұйық заттары бар ыдыстарды, сондай-ақ марихуана қолдануға арналған құрылғыны анықтап, тәркіледі.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу жалғасып жатыр.



