Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарҚоғам

Алты рет өліп-тірілген танзаниялық о дүниеден «оралуы» туралы айтты

Танзанияда тұратын 41 жастағы Исмаил Азизи алты рет өлім аузынан аман қалғанын айтты. Оның сөзінше, бірнеше рет дәрігерлер оны қайтыс болды деп есептеп, мәйітханаға жеткізген. Алайда ол әр жолы есін жиғанын айтып, басынан өткен оқиғаларды деректі фильмде баяндаған. Бұл оқиғалардан кейін оның өмірі күрт өзгеріп, жерлестері одан қорқа бастаған, деп жазады aishyq.kz.

Азизидің айтуынша, алғашқы оқиға жұмыс кезінде ауыр жарақат алғаннан кейін болған. Дәрігерлер оны қайтыс болды деп танып, мәйітханаға жеткізген. Алайда көп ұзамай ер адам есін жиып, сыртқа шыққан. Оны қайта тірі көрген адамдардың кейбірі шошып, одан қашып кеткен көрінеді.

Екінші оқиға ауыр безгекпен ауырған кезінде болған көрінеді. Ер адамның сөзінше, оны табытқа жатқызған сәтте есін жиып, тірі екенін түсінген. Кейін ол ауыр жол апатына түсіп, комаға түскен. Бұл жолы да айналасындағылар оны аман қалмайды деп ойлағанымен, Азизи қайта есін жиғанын айтады.

Одан кейін ер адамды улы жылан шағып алған. Жағдайы күрт нашарлаған соң оны қайтыс болды деп есептеп, мәйітханаға жеткізген. Азизидің айтуынша, ол сол жерде үш күн жатқаннан кейін тағы есін жиған. Бұдан бөлек, ол шұңқырға құлаған кезде де өлім аузынан аман қалғанын жеткізген.

Ең ауыр оқиғалардың бірі – оның үйіне өрт қойылған кез. Жергілікті тұрғындар оның бірнеше рет «қайта тірілуіне» байланысты одан күдіктене бастаған. Азизидің айтуынша, өрт кезінде тұншығып, тағы да қайтыс болды деп есептелгенімен, ол кейін есін жиған. Қазір оның денесінде сол өрттен қалған күйік іздері бар.

«Адамдар мені сиқыршы деп ойлайды»

Исмаил Азизидің айтуынша, бірнеше рет өлім аузынан аман қалуы оның өміріне ауыр әсер еткен. Жерлестері оны қалыпты адам ретінде қабылдамай, кейбірі елес немесе сиқыршы деп есептеген.

 «Адамдар мені осы маңдағы ең күшті сиқыршы деп ойлайды. Өмір жалғасып жатты, бірақ өзімде бір нәрсе дұрыс емес сияқты сезіндім. Әр жолы өліп, қайта оралғаннан кейін денемде біртүрлі сезім пайда болатын», – дейді ол.

Ер адамның сөзінше, алғаш рет мәйітханадан шыққанда денесін қатты суық басқанын сезген. Толық есін жиып үлгермегенімен, айналасындағылардың таңданысын байқаған.

Уақыт өте келе жергілікті тұрғындардың қорқынышы оның қоғамнан оқшаулануына әкелген. Азизи қазір жалғыз өмір сүретінін, отбасы құрып, қалыпты әлеуметтік өмірге араласу қиынға соққанын айтады. Деректі фильмде оның көршілері де ер адамнан қорқатынын жеткізген.

Оның басынан өткен оқиғалар халықаралық ақпарат құралдарында жарияланып, жұрт назарын аударып отыр. Дегенмен Азизидің бірнеше рет қайтыс болды деп танылғаны туралы мәліметтер оның өзі мен деректі фильмде айтылған әңгімелерге негізделген. Алайда оқиғалардың медициналық тұрғыдан тәуелсіз расталғаны туралы ақпарат жарияланбаған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button